«№7 бөбекжайы» КМҚК
Педагог-психолог: О.Ю. Евмушкова
Қостанай қ., 2026 ж.
Педагогтерге буллингтің алдын алу бойынша ұсыныстар
1-ұсыныс. Қабылдау мен құрметке негізделген атмосфера қалыптастырыңыз
Әрбір бала мінез-құлқына, сыртқы келбетіне, даму деңгейіне, сөйлеу мүмкіндіктеріне және әрекеттеріне қарамастан, өзін құрметтейтінін сезінуі керек.
Педагогтерге ұсынылады:
- балаларға мейірімділік танытып, олардың эмоционалдық жағдайына түсіністікпен қарау;
- әрбір тәрбиеленушімен құрметпен қарым-қатынас жасау;
- балаларды бір-бірімен салыстырмау;
- қорлайтын лақап аттар қоюға, мазақ етуге және кемсітуге жол бермеу;
- құрдастарымен қарым-қатынас орнатуда қиындықтары бар балаларға қолдау көрсету;
- әрбір баланың жақсы әрекеттері мен жетістіктерін байқап, мадақтау.
Маңызды: бала өз сезімдерінің маңызды екенін және кез келген уақытта ересек адамнан көмек сұрай алатынын түсінуі керек.
2-ұсыныс. Мінез-құлықтың түсінікті ережелерін белгілеңіз
Балалармен бірлесіп, топта үнемі талқыланып, сақталатын қарапайым қарым-қатынас ережелерін әзірлеңіз.
«Біздің топ – тату балалар» ережелері:
- Біз бір-бірімізді ренжітпейміз.
- Біз төбелеспейміз және бір-бірімізді итермейміз.
- Біз бір-бірімізді мазақтамаймыз және келемеждемейміз.
- Біз ойыншықтармен бөлісіп, өзара келісуді үйренеміз.
- Біз құрдастарымыздың сезімдері мен тілектерін құрметтейміз.
- Біз көңілсіз немесе қиналып жүрген балаларға көмектесеміз.
- Қиындық туындаса, ересек адамнан көмек сұраймыз.
3-ұсыныс. Балаларды эмоцияларды тануға және білдіруге үйретіңіз
Өз сезімдерін және айналасындағы адамдардың сезімдерін түсіне алмау қарым-қатынас жасауды қиындатып, жанжалдардың туындауына себеп болуы мүмкін.
Эмоциялық саланы дамыту үшін мынадай ойындар мен жаттығуларды қолданыңыз:
- «Эмоцияны тап» ойыны;
- «Менің көңіл күйім» жаттығуы;
- «Менің досым не сезініп тұр?» әңгімелесу;
- «Көңілсіз досыңа қалай көмектесуге болады?» ойыны;
- ертегі кейіпкерлерінің жағдайларын талқылау;
- «Жақсы эмоциялар әлемі» сурет салу тапсырмасы.
Балаларға өз сезімдерін сөзбен жеткізуге көмектесіңіз: «Мен ашуландым», «Мен ренжідім», «Мен көңілсізбін», «Маған көмек керек».
Ашулану, ренжу немесе көңіл қалу қалыпты жағдай екенін, алайда басқа адамдарға зиян келтіруге болмайтынын түсіндіріңіз.
4-ұсыныс. Жанжалдарды бейбіт жолмен шешу дағдыларын дамытыңыз
Келіспеушілік туындаған кезде балаларға айқайсыз, қорқытусыз және күш қолданусыз шешім табуға көмектесіңіз.
Ұсынылатын әрекет алгоритмі:
- Қауіпті әрекеттерді тоқтату.
- Балалардың тынышталуына көмектесу.
- Жанжалға қатысушылардың әрқайсысын тыңдау.
- Балаларға өз сезімдерін атауға және болған жағдайды түсіндіруге көмектесу.
- Мәселені шешудің ықтимал жолдарын ұсыну.
- Келесі жолы осындай жағдайда қалай әрекет етуге болатынын талқылау.
Қолдануға болатын сөз тіркестері:
- «Кел, өзара келісуге тырысайық».
- «Бұл жағдайды ұрыспай қалай шешуге болады?»
- «Өз ойыңды сөзбен қалай жеткізе аласың?»
- «Ойыншықты қалай бөлісе аласыңдар?»
- «Қайтадан бірге тату ойнауларыңа не көмектеседі?»
5-ұсыныс. Балалардың оқшаулануына және шеттетілуіне жол бермеңіз
Бірлескен ойындарға сирек қатысатын, қарым-қатынас жасауда қиындық көретін немесе үнемі шетте қалатын балаларға ерекше назар аудару қажет.
Педагогтерге ұсынылады:
- балаларды шағын топтарға бөліп, бірлескен ойындар ұйымдастыру;
- ынтымақтастықты қажет ететін тапсырмалар ұсыну;
- балаларға рөлдерді өзара келісіп бөлуге көмектесу;
- әрбір тәрбиеленушінің бастамасын қолдау;
- балалардың өзара сәтті қарым-қатынас жасауына жағдай туғызу;
- баланы ойыннан қайта-қайта шеттету жағдайларына назар аудару.
Балаларды бір-бірімен достасуға мәжбүрлеуге болмайды. Ең бастысы – өзара құрметті қалыптастыру және әрбір баланың топ өміріне қатысуына мүмкіндік беру.
6-ұсыныс. Агрессивті мінез-құлық көріністеріне дер кезінде әрекет етіңіз
Егер педагог баланың ренжітіліп немесе қорланып жатқанын байқаса, жағдайға дереу араласуы қажет.
Педагогтың іс-әрекет алгоритмі:
- Агрессивті әрекеттерді тоқтатып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
- Агрессиядан зардап шеккен балаға қолдау көрсету.
- Болған жағдайдың мән-жайын сабырлы түрде анықтау.
- Жағдайдың бір реттік немесе қайталанатын сипатта екенін анықтау.
- Қажет болған жағдайда ұйымның белгіленген тәртібіне сәйкес әкімшілікке және педагог-психологке хабарлау.
- Жағдайға қатысқан балалардың ата-аналарымен өзара әрекеттесуді ұйымдастыру.
- Балалармен профилактикалық жұмыс жүргізу.
- Жағдайдың қайталанбайтынына көз жеткізу үшін бақылауды жалғастыру.
Балалармен сөйлескенде айыптаудан, қорлаудан және жағымсыз сипаттағы таңбалар тағудан аулақ болыңыз. Баланың жеке басын емес, оның әрекетін бағалау қажет.
7-ұсыныс. Ата-аналармен серіктестік қарым-қатынасты нығайтыңыз
Буллингтің алдын алу балабақша мен отбасының бірлескен және келісілген әрекеттерін талап етеді.
Ұсынылады:
- ата-аналарға жеке консультациялар өткізу;
- отбасыларға қауіпсіз қарым-қатынас ережелері туралы ақпарат беру;
- эмпатия мен өзін-өзі бақылау дағдыларын дамыту жолдарын талқылау;
- қиын жағдайларда ата-аналарға баласына қолдау көрсетуді ұсыну;
- маңызды оқиғалар туралы белгіленген тәртіпке сәйкес уақытылы хабарлау;
- балалар мен олардың отбасылары туралы ақпараттың құпиялылығын сақтау.
Нақты жағдайларды талқылау кезінде сабырлы әрі құрметті қарым-қатынас ұстанып, мәселені бірлесіп шешуге бағытталған әрекеттерге басымдық беру маңызды.
БУЛЛИНГ АНЫҚТАЛҒАН ЖАҒДАЙДА ӘРЕКЕТ ЕТУ АЛГОРИТМІ
Буллинг белгілері анықталған жағдайда педагог жедел, ретімен және белгіленген нормативтік талаптар аясында әрекет етуге міндетті. Нақты іс-қимыл алгоритмі балалар үшін жағымсыз салдарларды азайтуға, жағдайдың қайталануын болдырмауға және тәрбиелеу-білім беру процесінің барлық қатысушыларын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жағдайды дереу тоқтату
Педагогтің басты міндеті — агрессивті әрекеттерді тоқтату мақсатында жедел араласу. Жанжалдың өршуіне жол бермей, оны тез және сабырлы түрде тоқтату маңызды. Педагог балалардың физикалық және эмоционалдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс, қажет болған жағдайда («Тоқта», «Бұлай істеуге болмайды») нақты және түсінікті нұсқауларды қолдануы керек, айқайлаудан, қорқытудан және дөрекі сөздерден аулақ болған абзал.
Жанжалға қатысушыларды ажырату
Жағдай тоқтатылғаннан кейін эмоционалды шиенеліс деңгейінде одан әрі өзара әрекетті болдырмау үшін жанжалға қатысатын балаларды ажырату қажет. Бұл шиеленіс деңгейін төмендетуге және жағдайларды әділдікпен анықтауға жағдай жасауға мүмкіндік береді. Балаларға тынышталуға уақыт беріледі.
Жағдайды анықтау (айыптаусыз)
Педагог жағдайға қатысушының әрқайсымен жеке әңгімелеседі. Барлық балалардың әңгімесін бөлмей және алдын ала қорытынды жасамай тыңдау маңызды. Қарым-қатынас айыптаусыз, қысым көрсетпей және мазақ етпей, мейірімді тұрғыда жасалуы керек. Негізгі міндет — фактілерді анықтау, қатысушылардың мінез-құлқының себептері мен эмоционалды жағдайын түсіну. Болған жағдайды басқа балалардың алдында талқылауға жол бермеу қажет.
Әкімшілікке хабарлау
Буллингтің әрбір анықталған жағдайы туралы педагог мектепке дейінгі ұйымның әкімшілігіне уақтылы хабарлауға міндетті. Бұл әрі қарай әрекеттерді ұйымдастыру, жағдайды бақылау және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін қажет. Әкімшілік мамандардың жұмысын үйлестіруді және нормативтік талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.
Педагог-психологты тарту
Жағдайды тереңірек талдау және кәсіби көмек көрсету үшін педагог-психологты тарту қажет. Маман диагностика жүргізеді, балалардың мінез-құлқының ерекшеліктерін, жанжалдың себептерін анықтайды және мінез-құлықты түзету бойынша ұсынымдар әзірлейді. Психолог зардап шеккен балаға да, агрессия көрсеткен балаға да қолдау көрсетеді.
Ата-аналарды (заңды өкілдерді) хабардар ету
Жағдайға қатысушылардың ата-аналары (заңды өкілдері) болған жағдай туралы уақтылы хабардар етілуі тиіс. Ақпараттандыру айыптаусыз және бағалаусыз сыпайы және құпия нысанда жүзеге асырылады. Педагог немесе әкімшілік жағдайдың мәнін, қабылданған шараларды түсіндіреді және үйде баламен өзара әрекет ету бойынша ұсынымдар береді. Отбасымен сындарлы ынтымақтастық орнату маңызды.
Істі тіркеу (құжаттау)
Буллингтің әрбір жағдайы белгіленген тәртіппен міндетті түрде тіркелуі тиіс. Педагог қажетті құжаттарды ресімдейді: жағдайдың сипаттамасы, оқиғаның болған күні мен уақыты, қатысушылар, қабылданған шаралар. Сондай-ақ, әңгімелесу мен консультация нәтижелері, мамандардың ұсыныстары тіркеледі. Құжаттау әрекеттердің ашықтығын қамтамасыз етеді және жағдайдың даму динамикасын бақылауға мүмкіндік береді.
Қатысушыларды қолдауды ұйымдастыру
Жағдай реттелгеннен кейін балаларды одан әрі психологиялық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз ету қажет. Зардап шеккен баламен қауіпсіздікті сезінуді қалпына келтіруге, өзін-өзі бағалауы мен сенімділігін арттыруға бағытталған жұмыс жүргізілуі тиіс. Агрессия көрсеткен баламен өзін-өзі бақылауды, эмпатияны және мінез-құлықтың балама тәсілдерін дамыту бойынша түзету жұмыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, психологиялық ахуалды жақсартуға және ұжымда жағымды қатынас-қатынас қалыптастыруға бағытталған топтық жұмыстар жүргізуге болады.
Қолдау белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асырылады және балалардың мінез-құлқын бақылауды, әңгімелесуді, дамыту және түзету шараларына қатысуды, сондай-ақ балалардың ата-аналарымен (заңды өкілдерімен) өзара іс-қимылды қамтиды.
Осылайша, аталған іс-қимыл алгоритмін сақтау буллингпен байланысты жағдайларды шешуге кешенді және тиімді тәсілді қамтамасыз етеді, баланың құқықтарын қорғауға және мектепке дейінгі ұйымда қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

