oC
Тіл – халықтың дәстүрі мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Балалар – елдің болашағы, ал оның өркендеуі бізге, ересектерге байланысты. Мемлекеттік тіл – Тәуелсіз Қазақстанның ту, елтаңба және әнұранмен қатар тұрған басты рәміздерінің бірі. Мемлекеттік тілге көпұлтты республикамыздағы халықтарды біріктіру міндеті жүктелген. Мемлекеттік саясаттың талабына сәйкес, бүгінде елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері қазақ тілін білуі тиіс. Сондықтан қазақ тілін ерте жастан үйрену – заман талабы. Қазақ тілін балабақшада үш жастан бастап үйренген тиімді. Бірақ егер баланың отбасында ешкім қазақ тілінде сөйлемесе не істеу керек? Мұндай жағдайда білікті педагогтер қолданатын заманауи тілдік әдістемелер көмекке келеді. Көптеген ата-аналар: «Балаға жаңа тілді үйрену ерте емес пе? Қолынан келе ме?» – деп алаңдайды. Педагогтердің пікірі бір жерден шығады: «Әрине, қолынан келеді!». Ең бастысы – жаңа ақпаратты балаға қызықты әрі мәжбүрлемей жеткізу. Сабақ барысында тәрбиеші балаларды қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстырады, қарапайым әндер, тақпақтар, мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды жаттауға көмектеседі. Әсіресе, орыс тіліндегі таныс сөздер қазақ тіліндегі жаңа сөздермен ұйқастырылған тақпақ-санамақтар жақсы нәтиже береді. Қазақ тілін қашан бастаған дұрыс? Көптеген қазақ тілі мұғалімдері тілді екі-үш жастан бастап үйрету керек деп есептейді. Себебі бұл жаста балалар жаңа ақпаратты жақсы қабылдайды. Сонымен қатар, олар тіл үйренуге бейім келеді, үлкендерге еліктеп, қателесуден қорықпайды. Егер бала қазақ тілімен айналысқысы келмесе не істеу керек? Ең алдымен, баламен жылы сөйлесіп, оның не себепті қазақ тілін оқығысы келмейтінін анықтау қажет. Негізгі екі себеп болуы мүмкін: 1. Балаға қазақ тілі қызық емес. 2. Қазақ тілін оқу оған қиын. Егер балада қызығушылық болмаса, оны қазақ тілін үйрететін мультфильмдер, компьютерлік бағдарламалар, арнайы балалар сайттары арқылы қызықтыруға болады. Егер балаға оқу қиын болса, міндетті түрде қазақ тілі мұғалімімен кеңесіңіз. Дәл мұғалім жаңа сөздерді қалай тиімді жаттауға болатынын түсіндіре алады. Жақсы маман көптеген қиындықтарды шешуге көмектеседі. Баламен сөздерді қалай жаттауға болады? Міне, бірнеше кеңес: Карточкалар – қарапайым әрі тиімді әдіс Түрлі түсті қағаздардан немесе ескі дәптерлерден кішкентай карточкалар жасаңыз. Бір жағына қазақша сөзді, екінші жағына аудармасын немесе суретін салыңыз. Карточкаларды балалармен бірге жасаған дұрыс. Карточкаларды арнайы конверттерде сақтауға болады. Конверттердің сыртына тақырыптарын жазыңыз: «Түстер», «Сандар», «Сезімдер», «Жануарлар» және т.б. Бұл карточкаларды жолға шыққанда, кезекте тұрғанда өзіңізбен бірге алып жүріп, бос уақытта балаңызбен ойнаңыз. Осындай қарапайым тәсіл арқылы бір жылдың ішінде баланың сөздік қоры айтарлықтай молаяды. Тағы бір тиімді әдіс – баланың бөлмесіндегі заттарға атауларын жапсырып қою. Мысалы: үстел, шам, қабырға, төсек, доп, пианино және т.б. Баланы сөздерді дұрыс айтуға қалай үйретуге болады? Дұрыс дыбыстауды қалыптастыру – ұзақ уақытты қажет ететін жұмыс. Ол үшін баланың есту қабілетін, дыбыстарды ажырату және дұрыс айту дағдыларын дамыту қажет. Егер сіз қазақ тілін білмесеңіз, балаңызбен бірге қазақ тіліндегі әндер мен тақпақтарды тыңдап, қайталап отыру пайдалы. Ал егер қазақ тілін білсеңіз, балаңызбен бірге аудионы тыңдап, сөздерді бірге қайталаңыз. Сонымен қатар, қызықты дыбыстық ойындар ойнауға болады. Мысалы, орыс тіліндегі сөйлемдегі бір дыбысты қазақ тіліне тән дыбыспен ауыстыру. Баланың қазақ тіліне деген қызығушылығын жоғалтып алмау өте маңызды. «Зиян келтірме!» қағидасы педагогикада да маңызды орын алады. Сабыр сақтап, балаңыздың жеке ерекшеліктеріне сәйкес қызықты оқу материалдарын таңдаңыз. Есіңізде болсын: бала неғұрлым кішкентай болса, екінші тілді соғұрлым жақсы меңгереді және дұрыс дыбыстауды тезірек қалыптастырады.